Ұлттық ұлан Академиясында Мемлекеттік рәміздер күні атап өтілді

2022 жылғы 4 маусымда Ұлттық ұлан Академиясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
30 жыл бұрын — 1992 жылғы 4 маусымда Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері бекітілді, — бұл күн ел тарихында жаңа рәміздердің туған күні ретінде мәңгі қалды. Мемлекеттік рәміздер — мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі.
Дәстүрлі түрде іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаудан басталды.
Ұлттық ұлан Академиясының бастығы, генерал-майор Бауыржан Әбжанов жеке құрамға құттықтау сөз сөйледі:
— «Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеудің басты мақсаты — қазақстандық патриотизм идеясын түсіндіру, Қазақстанның жетістіктері үшін мақтаныш сезімін қалыптастыру, жас ұрпақты Тәуелсіздік Рәміздерін құрметтеуге тәрбиелеу.
Әрбір шынайы азамат өз елінің патриоты болуға, өз Отанын, өз халқын сүюге және оларды мақтан тұтуға тиіс. Бұл үлкен күш. Егер әрқайсымыз өз еліміздің патриоты болып, Отанымызға шын жүректен берілсе, біздің мемлекетіміз гүлденіп, мықты болады», — деп атап өтті Бауыржан Садықұлы.
Сондай-ақ, іс-шара барысында Ұлттық ұлан Академиясының 2021-2022 оқу жылына арналған спартакиадасының қорытындысы бойынша әскери қызметшілерді марапаттау өтті.
Іс-шара жеке құрамның салтанатты шерумен өтуімен аяқталды.
 
ҚР Ұлттық ұланы Академиясының баспасөз қызметі