ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІ МЕН ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНДАҒЫ ЖЕҢІС КҮНІН МЕРЕКЕЛЕУГЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ

2022 жылғы 6 мамырда Петропавл қаласының Ақан Сері атындағы филармониясында Петропавл гарнизоны әскери қызметшілерінің қатысуымен Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Салтанатты шараға Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тимур Сұлтанғазиев, Ұлттық ұлан Академиясының бастығы генерал-майор Бауыржан Әбжанов, Петропавл гарнизонының әскери прокуроры әділет полковнигі Айдос Рысқұлов, 6637 әскери бөлімінің командирі подполковник Ғалымжан Кибаев және басқа да жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты.
Іс-шара барысында қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізгені және Отан қорғаушылар күнін мерекелеуге байланысты қызметте ерекше көзге түскен офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге мерзімінен бұрын әскери атақтар, медальдар, төсбелгілер, грамоталар мен алғыс хаттар табыс етілді.
Іс-шараның ресми бөлімінен кейін мерекелік концерт өтті. Жиналғандар алдында республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары, Петропавл қаласы филармониясының солистері және Ұлттық ұлан Академиясының вокалдық-аспаптық ансамблі өнер көрсетті.                                         
 
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы
Академиясының баспасөз қызметі