«Мен жастарға сенемін»

2022 жылдың 7 сәуірінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Академиясында ғылым апталығы шеңберінде Тілдік дайындық кафедрасының ұйымдастыруымен поэзия әлемінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына арналған «Мағжан және руханият» ғылыми-танымдық семинары өтті. Кешке Академия курсанттарымен қатар, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері қатысты. Семинарда Мағжанның қаламынан туған жыр шумақтары қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқылды. Ұлтымыздың ұлы ақынына айналған поэзия пайғамбары ұлықталды.
Мағжан шығармашылығынан сыр беретін бейнефильмдер шараның маңыздылығын арттырды. Семинарға Академия курсанттары және М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері дайындаған баяндамалар мол ақпаратқа кенелтті. Ақын өлеңдерінен бастау алған жас ақындар өз ойларынан шыққан жыр шумақтарын нақышына келтіре оқып берді, әрине бүгінгі күн өрелі сөздер мен талғамды идеяға толы шумақтар болғанын да айта кету керек. Көрермен назарына Тілдік дайындық кафедрасының бастығы филология ғылымдарының кандидаты Ақмарал Саркенқызының кандидаттық диссертациясынан ғылыми тұжырымдар ұсынылды (Кандидаттық диссертация тақырыбы: М.Жұмабаев поэзиясындағы фразеологизмдер: дәстүр мен жаңашылдық). Аталмыш кафедраның ұстаздары курсанттарын үш тілде өнер көрсетуге бағыттады. Құлақтың құрышын қандырар әсем әндер орындалып, күй тыңдалды. Медицина ғылымдарының докторы, профессор Ж.Н.Сартаев Мағжан өмірі мен шығармашылығына байланысты деректермен бөлісті. Шараға қатысқан студенттер мен 1 курс курсанттарын Академия бастығының орынбасары полковник Н.К.Бектұрсынов алғыс хаттармен марапаттады.
Ғажайып сыршыл ақын Мағжанды еске алғанда оның әсемдік әлемін айғақтаған сұлу жырларының, Мұхтар Әуезовше айтқанда «Жарқыраған әшекей» екендігіне қазақ поэзиясының нәрлісі, ең бір сәулелісі екендігіне көзіміз әбден жетті.

 
ҚР Ұлттық ұланы Академиясының
баспасөз қызметі