Петропавлда Ұлттық ұланның Академиясы ашылды

ҚР Үкіметінің Қаулысымен 2 ақпан күні Ұлттық ұлан әскери институты Академия болып қайта құрылған болатын. Құқық тәртібі әскерлерінің 30 жылдығы мен төл әскери оқу орнының құрылғанына ширек ғасыр болған жылы оның Академияға айналуының символдық мәні зор.
Академияның салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Әлібек Сералиев, әскери оқу орнының бірінші бастығы болған, отставкадағы генерал-майор Амангелді Дүкенев, одан кейін басшы болған отставкадағы полковник Сәбит Ахметов, аталмыш оқу орнын  үздіксіз 11 жыл бойы басқарған, бүгінгі Тұңғыш Президент — Елбасы атындағы Ұлттық Қорғаныс университетіндегі Ұлттық ұлан факультетінің бастығы генерал-майор Жұмабек Ахметов, оқу ордасының офицерлері мен профессорлық-оқытушы құрамы, ардагерлер қатысты.
Салтанатты рәсім алаңға Әскери институттың Жауынгерлік туын әкелумен басталды. Сымдай тартылып тұрған жеке құрамның алдына Жауынгерлік туды арнайы қарауыл тобы шығарып, мемлекеттік Гимн ойналды. Содан кейін оқу орнының бас ғимаратының маңдайшасына латын қарпімен  ілінген « ҚР Ұлттық ұлан Академиясы» деген тақтайшадан жабу салтанатты түрде түсірілді. Бұл рәсім құқығына генерал-майор Әлібек Сералиев пен оқу орнының бүгінгі басшысы генерал-майор Бауржан Әбжанов ие болды.
Сөйтіп, осы күннен бастап әскери оқу орнының Академия болуына және жаңа формациядағы офицерлерді дайындауға ресми түрде жолдама берілді.
Жеке құрамның алдында алғашқы сөз алған генерал-майор Әлібек Сералиев осыдан ширек ғасыр бұрын Мемлекет басшысының Жарлығымен Ішкі әскерлер, бүгінгі Ұлттық ұлан үшін офицер кадрларын дайындайтын әскери оқу орнының құрылғанын атап өтті.
Өзінің даму жолында Ішкі әскерлер Жоғары әскери училищесінен Әскери институтқа дейін, бүгінгі күні Академия түлектері Ұлттық ұланда ғана емес, еліміздің барлық күш-құрылымдарында абыройлы қызмет етуде. Бұл Ішкі істер басшылығы мен Ұлттық ұлан қолбасшылығының жоғары талабының арқасында, әскери институттың және профессорлық-оқытушы құрамның отандық әскери кадрларды дайындау барысындағы оқу-тәрбие процесіне қосқан қажырлы еңбектің нәтижесінде жеткізілді, деді Әлібек Болатұлы.
Сөз соңында әскердің Бас тәрбиешісі Академия ұжымының Мемлекет басшысының Ұлттық ұланды сапалы өзгерту туралы талабына сәйкес қойылған тапсырмаларды абыроймен орындайтынына және Ұлттық ұлан үшін одан әрі жоғары дәрежелі офицерлерді – аға буынның даңқты дәстүрлерін жалғастырушы азаматтарды дайындай беретіндеріне зор сенім білдірді.
Сонымен қатар, құттықтау сөздерін генерал-майор Жұмабек Ахметов, институт ардагерлері отставкадағы генерал-майор Амангелді Дүкенев пен оставкадағы полковник Сәбит Ахметов арнады.
Өз кезегінде сөйлеген генерал-майор Жұмабек Ахметов біздің түлектерге өткен қаралы қаңтар оқиғасы нағыз сынақ болды деді. Бірақ осы оқу орнының қабырғасында білім алып, тәрбиеленген офицерлер қиын сәтте жоғары кәсибілік пен жауынгерлік әзірлігін, мықты жауынгерлік рухы мен моральдік шыдамдылығын көрсетті, деді.
Салтанаты шара кезінде қызметте қол жеткізген табыстары мен әскери оқу орнының қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз еңбек еткен әскери қызметшілер мен ардагерлерге ҚР Ішкі істер министрі мен Қорғаныс министрі, Ұлттық ұлан бас қолбасшысының және Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің атынан  медальдар, грамоталар мен алғыс хаттар, сондай-ақ мерзімінен бұрын әскери атақтар тапсырылды.
Одан әрі, қонақтар мен ардагерлердің қатысуымен Ұлттық ұланның тарихи жылнамасы ретінде әскердің 30 жылдығына арнайы шығарылған «Ішкі әскерден – Ұлттық ұланға дейін» атты және оқу орнының ширек ғасырына арналған «ҚР Әскери институтына – 25 жыл» атты екі бірдей кітаптың тұсаукесері өткізілді.
Туындылардың алғашқы даналары әскер мен оқу орнында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен офицерлер мен ардагерлерге тапсырылды.
Сондай-ақ қонақтар Әскери институт кафедраларының ғылими жұмыстары мен жетістіктері туралы көрмемен танысты.
Содан кейін IV Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету контексіндегі әскери білімді дамыту туралы пікір алмасып, баяндамалар жасалды.

ҚР Ұлттық ұлан баспасөз қызметі