ӘСКЕРИ ИНСТИТУТ 24 ЖЫЛДЫҒЫН АТАП ӨТТІ

2021 жылғы 18 наурызда Әскери институттың саптық алаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Әскери институтының құрылғанына 24 жыл толуына орай салтанатты іс-шарасы өтті.
Биыл елімізде және әлемде қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты бұл іс-шара қонақтарсыз және санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізілді.
Ұлттық ұланның Әскери институты құрылғаннан бері 3700-ден астам офицерді дайындады (оның ішінде Қырғызстан Республикасы үшін 64, Тәжікстан Республикасы үшін 72). 45 түлек университетті алтын медальмен аяқтады, 260-ы үздік диплом алды.
Әскери қызметшілер алдында Әскери институттың бастығы генерал-майор Бауыржан Әбжанов, Ұлттық қорғаныс университеті Ұлттық ұлан факультетінің бастығы генерал-майор Жұмабек Ахметов, сондай-ақ бітіруші курс курсанты Жолдас Бағдәулет құттықтау сөз сөйледі.
— «Осы атаулы күні ардагерлер мен институттың жеке құрамын құттықтаймын, әскери және азаматтық борышын абыроймен және адал орындайтын профессорлық-оқытушылық құрамға, офицерлерге, келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге, курсанттар мен сарбаздарға алғысымды білдіремін.
Сіздерге мықты денсаулық, оқу-тәрбие үрдісінде, Отанымыз — Қазақстан Республикасының игілігі үшін қызметте шығармашылық табыс тілеймін!»- деп атап өтті Әскери институттың бастығы генерал-майор Бауыржан Әбжанов.
Әскери институт бастығының құттықтау сөзінен кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының және өңірлік қолбасшылықтар қолбасшыларының құттықтау жеделхаттары, сондай-ақ Әскери институт бастығының мерекелік бұйрығы оқылды, оған сәйкес көптеген әскери қызметшілерге қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін грамоталар мен алғыс хаттар табыс етілді.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық ұлан тарихындағы маңызды кезең ел Президентінің Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің Жоғары әскери училищесін құру туралы шешімі болды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 18 наурыздағы қаулысымен ол іске асырылды. 1997 жылғы 20 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Назарбаев Жауынгерлік Туды тапсыра отырып: «Солтүстік климаттық жағдайларда тәрбиеленіп, оқытылған курсанттар нағыз әскерилік шынығуға ие болады және болашақта Қазақстан Республикасы Ішкі әскерлерінің жаңа офицерлік корпусының негізін құрайды деп сенемін», — деп атап өтті.
Еліміздің солтүстігінде орналасқан Петропавл қаласында құқық тәртібі әскерлерінің жоғары әскери-оқу орнын құру туралы шешім біздің мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие болды. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Әскери институты ең жақсы уақытта құрылған жоқ, бірақ өмір бұл дұрыс шешім екенін көрсетті.
Бүгінде Әскери институттың түлектері еліміздің түкпір-түкпірінде ғана емес, Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан Республикасында да қызмет етеді.
Сондай-ақ, институттың офицер-түлектері еліміздің күш құрылымдары мен ведомстволарының арнайы бөлімшелерінде қызмет атқарады.
Өзінің жұмыс істеген жылдары институт Солтүстік Қазақстан өңірінің өмір ырғағына ойдағыдай кірігіп, барлық қоғамдық, саяси және спорттық іс-шаралардың ажырамас бөлігіне, ал көбінесе оларды өткізу алаңына айналды.
Институтта ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауға көп көңіл бөлінеді. Жыл сайын оқытушылар қатары магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша жоғары оқу орындарының түлектерімен толықтырылады.
24 жыл ішінде Әскери институт өзінің бәсекеге қабілеттілігін және елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі маңыздылығын бірнеше рет дәлелдеді.
Осылайша, институт Ұлттық ұланға және елдің басқа да әскери ұйымдарына жүктелген күнделікті қызметтік-жауынгерлік және арнайы міндеттерді орындауға үлкен үлес қосады.
Сондай-ақ, биыл Әскери институттың оқу-әдістемелік базасын одан әрі дамыту жоспарланып отыр және институтты Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Академиясына қайта даярлау мәселесі қарастырылуда.
ІІМ басшылығының, әскерлердің Бас қолбасшылығының және Солтүстік Қазақстан облысы басшылығының күш-жігерінің арқасында 2021 жылы Әскери институт аумағында қазіргі заманғы оқу корпусының, казарманың және спорт кешенінің құрылысы басталады, сондай-ақ ғимараттар мен құрылыстарды күрделі жөндеу жалғасады. 

ҚР ҰҰ Әскери институтының баспасөз қызметі