Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Әскери институты

Жас сардарлардың 15 мәрте қанат қағуы

2015 жылдың 13 маусымында Петропавл қаласында екі айрықша шара өтетін болады. Оның бірі — Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Әскери институтына Жауынгерлік Тудың салтанатты табыс етілуі болса, ендігісі осы әскери шаңырақтан 15-ші мәрте жас сардарлардың қанат қағу рәсімі.

Жауынгерлік Туды Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Альберт Маткаримов Әскери институттың бастығы полковник Жұмабек Ахметовке табыстайтын болады.

Жауынгерлік Ту – әр әскери ұжым үшін айбын мен даңқтың символы, елдік пен ерлікке бастар айрықша құрмет белгісі болып табылады.

Оқу орнының тарихына тоқталар болсақ, Әскери институттың жауынгерлік шежіресі 1997 жылдың наурыз айынан бастау алып, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Петропавлда ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің Жоғары әскери училищесі құрылған болатын. Ал сол 1997 жылдың 20 желтоқсанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оқу ордасына арнайы ат басын тіреп, училище ұжымына Жауынгерлік Туды өз қолымен табыстаған болатын. Мұнан кейін, 2009 жылы Үкіметтің Қаулысымен оқу ордасы ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің Әскери институты мәртебесіне ие болды. Осы орайда 2014 жылдың 21 сәуірінен бастап Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысының Жарлығымен ҚР ІІМ Ішкі әскерлері құқық қорғау органдарының бірыңғай жүйесіне кіретін Ұлттық ұлан болып құрылған болатын.

Әскери білім ордасы өзінің айшықты тарих жолында Отан үшін кеуде керер мыңдаған сардарларын түлетіп, әскери мамандардың құтты ұясына айнала білді. Қазіргі таңда институт ел қорғаны – Ұлттық ұлан үшін кәсіби білікті офицер мамандар даярлайтын Қазақстандағы бірден-бір білімнің қарашаңырағы болып табылады.

Осы салтанатты шара барысында Әскери институт түлектеріне оқу ордасын бітіргендері туралы дипломдар табысталатын болады. Биыл құтты ұядан ұшқалы отырған қазақстандық түлектермен бірге бауырлас Қырғыз Республикасының он және тәжік елінің тоғыз азаматы да дипломдарға ие болмақ.

Жас лейтенанттарға алғашқы офицерлік шендерін табыстау рәсіміне Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Владимир Бубенко, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Альберт Маткаримов, Қырғыз Республикасы Ұлттық ұлан қолбасшысының орынбасары полковник Исламбек Кенжеқұлов, Тәжікстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің жауынгерлік даярлық басқармасының бастығы подполковник Невруз Тураев қатысатын болады.

Жалпы алғанда, үстіміздегі жылы Әскери институтты 193 түлек тәмамдап, олар Қазақстан Республикасының, Тәжікстан Республикасының және Қырғыстан Республикасының Ұлттық ұланынының әскери бөлімдері мен басқа да әскери құралымдарына әскери қызмет атқаруға аттанады. Олардың ішінде 24 түлек оқуды үздік тәмамдаса, ал олардың арасындағы 9 жас лейтенанттар: Рауан Ахметов, Нұржан Әйіп, Дархан Әмірбеков, Жеңіс Жайлыбаев, Захиддин Бабанов, Жандос Зағпар, Нұрсұлтан Пазилов, Дастан Тайшыбаев, Ержан Ұнайбеков «Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін» кеуде белгісімен марапатталып, есімдері Әскери институттың Құрмет тақтасына жазылатын болады.

Білім ордасы өзінің 18 жылдық тарихында 15 мәрте түлектерін ұшырып, әскерге 2730 офицер даярлаған. Олардың 239-і оқу орнын үздік тәмамдаса, 41 түлек «Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін» кеуде белгісін алу мәртебесіне иелік еткен.

Осы күндері Әскери институттың жеке құрамы еліміздің жүрегі — Астанада Ұлы Жеңіс мерекесі және Ата заң күніне орай ұйымдастырылған әскери шерулерге, мұнан өзге Петропавлда өтіп тұратын қалалық мерейлі шараларға қатысып тұрады. Осы орайда Әскери институттың ұжымы бір ай бұрын 2015 жылғы 7 мамырда Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай Елордада өткізілген Әскери шеруге қатысқандығын атап өтуге болады.

Білім шаңырағының курсанттары еліміздің әскери оқу орындары арасында өткізілген ғылыми жұмыстар байқауларында бірнеше мәрте жеңімпаздары атанса, ұжымның әскери оркестрінің өнерпаздары Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлдесіне арналған әскери оркестрлер арасында өткізілген республикалық байқаулардың бірнеше дүркін лауреаттары болып табылады. Білім ордасының көңілді және тапқырлар клубы (КВН) командасы халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық ойындардың жүлдегерлері екендігін атап өтуге болады.

Сонымен қатар оқу орнын тәмамдаушыларға дипломдарды салтанатты түрде табыстау рәсіміне Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының, жергілікті мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, Солтүстік Қазақстан облысындағы қырғыз және тәжік диаспораларының өкілдері, Ұлттық ұланның ардагерлері, түлектердің ата-аналары, туған-туыстары қатысады.

Салтанатты шараның соңында қонақтардың назарына институт әскери қызметшілерінің барабаншылар ансамблінің сүйемелдеуімен қару-жарақпен көркем тұрғыда дефиле өнерін көрсетулері ұсынылады. Ал облыстық шығармашылық орталық ұжымы мен әскери оркестрдің өнерпаздары ән мен биден шашу шашпақ. Концерттік бағдарламаның шымылдығы түлектердің офицерлік вальс биімен жабылатын болады.

Әскери институтта (Астана қ.) Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның Орталық мұражайына мәңгілікке сақталуға берілген, Жауынгерлік Тумен қоштасу болып өтті, курсанттарға алғашқы офицерлік атағын беру және лейтенанттық погондарды табыс ету туралы бұйрық жеткізілді.

Ұлттық ұлан Әскери институтының баспасөз қызметі

Фотогалерея

Updated: 14.06.2015 — 23:45

Добавить комментарий

© 2018 Frontier Theme