Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Әскери институты

Сайлау – маңызды патриоттық акт

Дәл осындай атаумен 2015 жылғы наурыздың 18-і күні Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Әскери институтында дөңгелек үстел өтті. Оның жұмысына Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Мұхаметқали Сатов, «Нұр Отан» партиясы СҚО филиалы төрағасының орынбасары Арман Бердағұлов, Қазақстан халқы Ассамблеясы СҚО филиалы, жергілікті атқарушы билік, күш құрылымдары мен ЖОО өкілдері, Ұлттық ұлан Әскери институтының қолбасшылығы, ардагерлері мен курсанттары қатысты.

Қазақстан Республикасы Президентінің кезекті тыс сайлауын өткізудің саяси маңыздылығы еліміздің ары қарайғы даму бағытын сәтті жалғастыру мен «Қазақстан — 2050» Стратегиясында қойылған масаттарды жүзеге асыру бойынша маңызды тарихи оқиға болып табылады.

Ұлттық ұлан Әскери институтының бастығы полковник Жұмабек Ахметов өз сөзінде еліміздің болашағы мен жаһандық дағдарыс кезінде Қазақстан Республикасының Президентіне деген жалпыхалықтық сенімді арттыру бойынша Ұлттық ұланда «Елбасымен бірге – жаңа жеңістерге» акциясы жүріп жатқанын айтты. Оның аясында әскерилер және олардың отбасыларымен ақпараттық-тәрбиелік шаралар кешені қарастырылған.

Дөңгелек үстел қатысушылары алдында сөз алған Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Мұхаметқали Сатов бүгінгі ұрпаққа ұланғайыр жерді сақтап қалған аба-бабаларымыздың ұлы істері мен батырлардың ерліктеріне ерекше баға беріп, егемендік елімізге ғасырлар бойғы көп қиямет пен еңбектің арқасында келгенін атап өтті. Мұхаметқали Құсайынұлы өз сөзінде Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан экономика мен саяси салада көптеген жетістіктерге жетіп, әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кірді. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлі өлшеусіз екенін жеткізді. Алда бұдан да зор жоспарлар мен бағдарламаларды жүзеге асыру міндеті тұр. Ол үшін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына үндеуінде атап өткендей, бүгін елімізде басты байлық – халық бірлігі мен барлық ресурстар бар, нақты жоспарлар мен қажетті жағдайдың бәрі жасалған.

Сайлау демократиялық мемлекеттің қажетті белгісі әрі азаматтық қоғамды дамытудың факторларының бірі. «Сайлау туралы» конституциялық заңда «Республикамыздағы сайлау еліміздің азаматының сайлау жасауға құқығы бар және сайлануға құқылы екенін еркін жүзеге асыруға негізделеді» деп жазылған. Дөңгелек үстелге қатысушылар өз сөздерінде әлемдік дағдарыстың белең алған тұсында Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу мемлекетімізге «Нұрлы жол – Путь в будущее» Жолдауы, сондай-ақ ұзақ мерзімді басымдықтарды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Қазақстанда әр адам таңдау жасап, өзінің және мемлекттің болашағына дауыс беруге құқылы. Дөңгелек үстелге қатысушылардың пікірі бірауыздан Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына белсенді түрде қатысып, дауыс беру – еліміздің әр тұрғынының азаматтық әрі патриоттық парызы деген ұғымға сайды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы

Әскери институтының баспа қызметі

Updated: 21.03.2015 — 18:49

Добавить комментарий

© 2018 Frontier Theme